«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы аясында Қарасай ауданы білім бөлімінде атқарылған жұмыстар
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы аясында Қарасай ауданы білім бөлімінде атқарылған жұмыстар туралы ақпарат
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлықпен қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн" - деп қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған негізгі басымдылықты белгілеп берді.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі.
Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілікті мәселеге айналды, себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда үкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады.
Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер участкесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты жат қылықтар әлі де орын алуда.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене ат салысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.
Осы тұста, сыбайлас – жемқорлықтың алдын алу мақсатында білім бөлімі жоспарлы түрде жұмыс атқарып келеді.
Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен алдын алудың ең алғашқы нүктесі жастарды бала кезінен тәрбиелеу болып табылады. Барлық білім беру мекемелерінде жылдық жұмыс жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Білім беру мекемелерінің басшыларымен жиналыс өткізіліп, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы негізінде атқарылған жұмыстар талқыланып қана қоймай, басшылардың дербес жауапкершіліктеріне аса назар аударылды.
Білім бөлімі 2020 жылдың 10 маусымында бекітілген мемлекеттік мекемесінің № 294 бұйрығына сәйкес бөлім қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі.
Сонымен қатар «Білім беру мекемелерінде ақша жинауға тыйым салу туралы»аудандық білім бөлімінің 2020 жылдың 22 мамырындағы № 251 бұйрығы шығарылып, барлық білім беру мекемелеріне жолданды. Аталған бұйрықта білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу және безендіру жұмыстарына, мектеп бітірушілері тарапынан ұстаздарға, сынып жетекшілеріне, мектеп ұжымына сыйлықтар беруге, кез-келген мерекелік іс-шараларды өткізуге тағы басқа мақсатта ата-аналардан заңсыз ақша жинауға қатаң түрде тыйым салынған.
Осы бұйрық негізінде барлық білім беру мекемелерінде мектептің, балабақшаның, сыныптың қажеттілігі үшін заңсыз ақша жинауға тыйым салу мәселесі бойынша білім беру мекемелерінің педагогтар ұжымы және ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, хаттамалар жасалды.
Тәрбие отбасынан басталады, ата-анасының шаруаны пара беру арқылы шешетінін, не пара алу арқылы өздерінің материалдық жағдайын жақсартып отырғанын көріп өскен бала, бұл жағдайды орынды, яғни солай болуы керек екен деп түсінеді. Сондықтан, оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жүргізу аса маңызды.
Аудан мектептерінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің бастауымен«Адал Ұрпақ» ерікті клубтары құрылып, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес жұмыс атқаруда. Ауданның барлық мектептерінде «Адал ұрпақ» ерікті клубының стендттері ілінді. Ағымдағы жылдың ақпан айында Үшқоңыр орта мектебінде 8-11 сынып оқушылары арасында «Жемқорлықтың қалай алдын алуға болады?» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді, аудан мектептерінің 5-8 сынып оқушылары арасында «Жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында сурет көрмесі, 9-11 сынып оқушылары арасында «Жемқорлықтың болуы неден?» тақырыбында дебат жұмыстары жүргізілді. Қыркүйек айында жұмыс жоспарына сәйкес отбасында құқық бұзушылықтың, жемқорлықтың алдын алуға баулуды қалыптастыруда ата-аналармен бірлескен «ZOOM» бейнеконференция бағдарламасы арқылы онлайн жиналыстар өткізілді. Барлық білім беру мекемелерінде «Парасатты азамат» тақырыбында бұрыштар жасалынған. 8-11 сыныптар арасында «Сыбайлас-жемқорлықтың зардабы» тақырыбында барлық білім мекемелеріне бейнероликтер көрсетілді.
Мектеп оқушыларының арасында бопсалауды болдырмаудың алдын алу мақсатында сауалнама алынып, қорытындысы шығарылды.
Күнделікті оқу үрдісінде жемқорлыққа жол бермеу мәселелері үнемі қадағаланып отырады. Білім беру ұйымдарында ата-аналардан ақша жинау туралы фактілердің орын алуын болдырмау мақсатында мұғалімдермен, сынып жетекшілермен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады.